Әлеуметтік миссия: Павлодарда бизнес пен билік күш біріктіруде
Облыс әкімдігі мен «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС арасында әлеуметтік меморандумға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, құжатқа аймақ басшысы Асайын Байханов пен кәсіпорын басшысы Владимир Дудин қол қойды.
Келісім әлеуметтік бағыттағы жобаларды іске асыруды, инфрақұрылымды дамытуды және өңір тұрғындарын қолдауды көздейді.
Меморандумға қол қою елдегі ауқымды саяси реформалар аясында өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған конституциялық реформа мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайтуға және бизнестің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Өңір басшысы әлеуметтік инвестициялар тұрақты дамудың маңызды элементіне айналып жатқанын атап өтті.
- Мемлекет басшысы ірі кәсіпорындарды қолдау арқылы әлеуметтік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән береді. Сондықтан бүгінгі кездесудің маңызы зор деп санаймын. Көптеген жылдар бойы біз ірі бизнес кәсіпорындарымен олардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында меморандумдар жасап келеміз. «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС өңірдің жаңа әлеуметтік серіктесі, - деп атап өтті Асайын Байханов.
«Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС - Solidcore Resources компаниясының флагмандық жобасы. Бұл - Қазақстандағы алтын концентраттарын толық цикл бойынша өңдейтін алғашқы комбинат. Кәсіпорынды 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Жоба ірі инвестициялық бастамалардың қатарына кіреді және өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие. Комбинат «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының негізгі жобасына айналады. Инвестиция көлемі шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрайды, 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сарапшылардың бағалауынша, жоба жүзеге асқан жағдайда облыстың жалпы өңірлік өнімінің өсімін 15%-ға дейін қамтамасыз етеді.
Компания басшысы Владимир Дудин өнеркәсіптік даму әлеуметтік жауапкершілікпен тығыз байланыста жүруі тиіс екенін атап өтті.
- Біз үшін өңірдің өзекті мәселелерін шешуге қатысу және өнеркәсіптік өсім халықтың өмір сүру сапасының артуымен қатар жүретін бизнес пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыру маңызды. Біз өзімізге әлеуметтік бастамаларды қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша міндеттемелер аламыз, - деді ол.
Өз кезегінде Асайын Байханов инвесторға өңірлік билік тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
- Мемлекет, бизнес және қоғам бірлесіп жұмыс істеген жағдайда өңір тұрғындары үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады, - деді облыс әкімі.
Биылғы жылы кәсіпорын Павлодар қаласында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға шамамен 900 млн теңге бағыттайды. Бұл қаражат үш мектеп пен екі балабақшаға күрделі жөндеу жүргізуге, сондай-ақ маңызды мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға жұмсалады.
Меморандумда экологиялық бағытқа да ерекше көңіл бөлінді. Табиғатты қорғау шаралары аясында орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері үшін 65 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр.
Құжатқа қол қою мемлекет пен бизнес арасындағы жүйелі әріптестікті нығайтуға жасалған кезекті қадам болды.