«Қамқорлық» акциясы: Павлодар облысында белсенділік танытқандар аталды
2023 жылғы 20 наурыздан бастап 20 сәуірге дейін өңірде «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы өткізілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл сайын айлыққа облыстың ірі кәсіпорындары, шағын және орта бизнес өкілдері, волонтерлік және басқа да үкіметтік емес ұйымдар мен жомарт азаматтар белсенді қатысады.
Қайырымдылық акциясы аясында жалпы сомасы 109,5 млн теңгеден асатын 27 мыңнан астам азамат түрлі көмек түрлерімен қамтылды.
Демеушілік және қайырымдылық көмек есебінен жалпы сомасы 93,9 млн теңгеге 19517 аз қамтылған және мұқтаж азаматтар қамтамасыз етілді. Оның ішінде 10645 адам азық-түлік жиынтықтарын алды, 503 адам материалдық демеушілік көмекпен қамтылды, 8369 адам басқа да көмек түрлерін алды. Бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 15,4 млн теңгеге 8155 азаматқа әлеуметтік көмек көрсетілді.
– «Қамқорлық» акциясы бойынша Ақсу (8162 адам) және Павлодар (3460 адам) қалалары, сондай-ақ Шарбақты (2813 адам), Ақтоғай (2212 адам) аудандары жоғары нәтиже көрсетті. Ақсу қаласының «АЗФ» АҚ мүгедектігі бар балаға қымбат операцияға ақшалай қаражат бөлді. Павлодар қаласында «HAGI-Павлодар» ЖШС жалғыз тұратын мүгедекке жаңа мүгедектер арбасын алуға көмектесті, 9 отбасына азық-түлік жиынтығын табыс етті. «Goldenstag» ЖШС жалпы сомасы 225 мың теңгеге 15 отбасына азық-түлік жиынтығы сыйлады, – дейді басқармада.
Павлодар және Железин аудандарының кәсіпорындары, шаруа және фермер қожалықтары ет өнімдері, ұн, күнбағыс майы және ауыл шаруашылығы азықтарымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ, жетім балалар тәрбиеленетін толық емес, асыраушысы қайтыс болған отбасыларға «Қызыл Жарты Ай» қоғамы көмек берген. Аталған акциямен 156 отбасы қамтылды. Еріктілер балаларға арналған азық-түлік пен тәттілерден тұратын бокстарды дайындады.