Павлодар облысының құтқару қызметтеріне жаңа техника жеткізілді
Олар республикалық бюджет қаражатына сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңір басшысы азаматтық қорғау органдарының су тасқыны және өрт қаупі жоғары кезеңдерге дайындық деңгейін тексерді.
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рустамбек Амрин құтқару қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жаңғырту аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен ТЖД бөлімшелеріне жеті заманауи өрт-сөндіру және құтқару автокөлігі жеткізілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жеті «Toyota Hilux» жедел әрекет ету автокөлігі және бір «ГАЗель» жүк көлігі сатып алынды.
Автокөліктер аумақтық тәуекелдер ескеріле отырып бөлінеді: екі техника Екібастұз қаласының ТЖ басқармасына жіберіледі, ал қалғаны бір-бірден Павлодар облысының ТЖ департаментіне, Железин, Баянауыл және Шарбақты аудандарының өрт сөндіру бөлімдеріне, сондай-ақ Павлодар қаласының бөлімшелеріне беріледі.
Сонымен қатар, қалалар мен аудандардың құтқару қызметтері 165 дана өрт-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Олардың қатарында электр генераторлары, мотопомпалар, ауа үрлегіштер, экшн-камералар мен бейнежазба құрылғылары бар. Жаңа құралдардың ішінде жылу-түтін камерасы, әуеден барлау жүргізуге және дыбыстық хабарлама таратуға арналған ұшқышсыз ұшу аппараты, катер және аэро-кеме бар.
Жақында КАМАЗ-43118 базасында жасалған КШМ-10 командалық-штабтық көлігі пайдалануға беріледі. Ол төтенше жағдай аймағында мобильді жедел штабты орналастыруға арналған. Негізгі мүмкіндіктері: байланыс пен энергия көздеріне қосылмай-ақ дала жағдайында автономды жұмыс істеу, барлық қызметтердің жұмысын үйлестіруге арналған тұрақты байланыс арналары, бейнебақылау мен әуеден барлау жүргізу және бейнені нақты уақыт режимінде беру мүмкіндігі және т.б. Көлік қатынас қиын аумақтарда және күрделі ауа райы жағдайларында жұмыс істеуге бейімделген.

Сондай-ақ Павлодар облысының ТЖД мен «Қалқан-7» ЖШС бірлесіп әзірлеген өрт сөндіру роботы таныстырылды. Бұл техника жарылыс қаупі, құрылымдардың опырылуы және аса жоғары температура жағдайында жұмыс істей алады. Басқару қашықтан жүзеге асырылады. Роботтың қозғалу жылдамдығы секундына 1 метрге дейін жетеді, суды шашу қашықтығы 65 метрге дейін, суда шашу бұрышы 70 градусқа дейін. Инновациялық әзірлеме ең қауіпті жағдайларда қолданылатын арнайы техникалар қатарын толықтырды.
– Адам өміріне қауіп төндіретін аймақтарға техника баруы керек. Мұндай әзірлемелер - эксперимент емес, бұл біздің құтқарушыларды қорғаудың, адамдардың қауіпсіздігі мен өмірін сақтаудың нақты құралы, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Техникалардың дайындығын тексеру қорытындысы бойынша Асайын Байханов су тасқыны және өрт қаупі жоғары кезеңдерге арнайы техникалар мен бөлімшелердің толық дайындығын қамтамасыз етуді, алдын алу жұмыстарын және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, сондай-ақ өрт-құтқару қызметтерін жаңғырту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Фото: Валерий Бугаев