Қарағай кескенге қомақты айыппұл: «Ертіс орманында» рейд күшейді

Қарағай кескенге қомақты айыппұл: «Ертіс орманында» рейд күшейді
Фото: pexels.com / Sergej Karpow

Мамандар табиғатты сақтау үшін жасанды шыршаларды пайдалануға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Ормандарды заңсыз отаудан қорғау мақсатында арнайы рейдтік топтар құрылып, қылқан жапырақты ағаштар өсетін аймақтарда бақылау қатаңдатылды. Мамандардың айтуынша, мерекелік көңіл-күй үшін табиғатқа зиян келтірудің салдары ауыр болмақ.

Резерват өкілдері қарағайды өз бетінше кесу экологиялық қылмыс екенін және ол үшін қомақты айыппұл қарастырылғанын еске салады. 

– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-1-бабына сәйкес, ағаштарды заңсыз кескен жеке тұлғаларға 150 АЕК (шамамен 550 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салынады. Егер келтірілген залал көлемі 50 АЕК-тен асса, іс әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке (ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы) ауысады, – делінген хабарламада.

Табиғат сақшылары өғңр тұрғындарын заңды сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және жасанды шыршаларды пайдалану арқылы «Ертіс орманының» экожүйесін сақтауға үлес қосуға шақырады.