Қазақ халқына алғысымыз шексіз: Павлодардағы шешен-ингуш халқының өкілі зұлмат заманды еске алды

Қазақ халқына алғысымыз шексіз:  Павлодардағы шешен-ингуш халқының өкілі зұлмат заманды еске алды
Фото: Гилани Садулаевтың жеке мұрағатынан

Ол- шешен-ингуш халқының өкілі Гилани Садулаев, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Сонау 1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурызы аралығында 650 мың азамат Ингушетиядан еріксіз көшірілді. Сол жылдары жер аударылған 85 мың отбасы Қазақ жеріне түпкілікті қоныстанып қалады. Тарих бетінде ақтаңдақ із қалдырған сол бір ауыр кезеңнің  ащы дәмін татып, соғыстың қасіретін көрген шешен-ингуш халқының өкілдері Павлодар өңіріне қоныстанғанына да бүгінде  82 жыл толып отыр.

Тоталитарлық жүйенің зардабын тартып,  саяси қуғын-сүргінге ұшырап,  бір-ақ күнде халық жауына  айналып,  өзінің Отанын, ағайын-туысын тастап кетуге мәжбүр болған 85 мың отбасын сол кезде Қазақстанның әр өңіріне бөліп жібереді. Солардың 8 мыңы Павлодар жеріне табан тіреді. Сол кезде депортацияның құрбандарына айналғандардың бірі — Гилани Садулаевтың ата-анасы еді.

– Сол бір зұлмат заманды біз көрмедік. Алайда ата-анамыз бен бір туғандарымыз, қандастарымыз бастан кешті.  Үлкендер өмірден өткенге дейін қос жанарлары мөлдіреп, еске алып, айтып отыратын. Естуімізше, оларды бір-ақ күнде жинап-теріп, қақаған аязда мал таситын суық вагондармен Қазақстанға және Орта Азияға жер аударған екен. Әкем:  "Жол өте ауыр болды. Суық пен аштыққа шыдамай, жолда көптеген адамдар, оның ішінде қариялар, жас балалар мен әйелдер қайтыс болды" деп еске алып отыратын, – дейді Гилани Садулаев.

Оның айтуынша, жер аударылған ата-анасы Павлодар облысына кейінірек Ақсу қаласы Қызылжар ауылына келген. Сонда ғұмырының соңына дейін  өмір сүріп, қазақ отбасыларымен бір туғандай болған.

 — Депортация басталған уақытта менің әкем 20 жаста, ал анам небары 15-те болған. Кейін әкем 1,5 жыл әскер қатарында болып,  азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін анам екеуі шаңырақ көтереді. Өз Отанынан таппаған тыныштық пен бақытты Қазақ жерінен көрген олар 10 перзенттің ата-анасы атанады,  - дейді Гилани Садулаев. 

Гилани Садулаевтың әкесі бақташы,  құрылысшы,  кейінгі 20 жылында шаруа болып қызмет еткен.  Алайда 1981 жылы жүрек талмасынан отағасы қаза тапса, анасы 2006 жылы өмірден өткен.

- 1995 жылы облыс орталығына көшіп келедік. Бірақ әлі күнге дейін ауылдастарымыз қалаға келгенде біздің үйге ат басын бұрмай кетпейді, – дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде өзі де қос перзенттің әкесі болып отырған Гилани Садулаев қиын кезде бір үзім нанын бөлісіп жеп, аядай бөлмесінен орын берген қазақ халқына дән риза. 

 – Әкем әрдайым бізге:  "Егер біз Қазақстаннан басқа жерге депортацияланғанымызда аман қалуымыз екіталай еді. Себебі, қазақ халқы бізбен ішер асынан бастап, киер киімі мен баспанасына дейін бөлісті. Бізді өзге ұлт демеді. Бауырына басты" деп айтып отыратын. Шындығы сол, нәубат заманда адам жанына арашашы болып, барымен бөліскен Қазақ халқына қалай алғыс айтсаң да жарасады. Ата-анамыз өмірлерінің соңына дейін алғыс айтып,  "бізді құтқарған- қазақтар" деп құлағымызға сіңіріп кетті, -   дейді Г.Садуев. 

Бүгінде өңірде 5 мыңға жуық шешен-ингуш халқының өкілі өмір сүреді. Олар барлық салада еңбек етіп, Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуда. Тіпті,  қазақ тілін меңгеріп қана қоймай,  салт-дәстүрге де ерекше құрметтеп қарайды.