Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына алты павлодарлық енді
Жаңа конституциялық орган мемлекеттің ішкі саясатын қалыптастыруға қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекітті. Кеңеске барлығы 126 адам енді. Оның алғашқы сессиясы Мемлекет басшысының өкіміне сәйкес 23-24 қыркүйекте Астанада өтеді.
Халық Кеңесінің құрамына қоғамдық қорлар мен кеңестердің, кәсіподақтардың, федерациялардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, депутаттар, журналистер, ұстаздар, экологтар, кәсіпкерлер, заңгерлер, жазушылар, тарихшылар, спортшылар мен IT-мамандар кірді.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі атанғандардың арасында Павлодар облысының алты тұрғыны мен тумасы бар:
- Арман Мұсабеков – Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасының директоры;
- Бағдат Мусин – Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы, Екібастұз қаласының тумасы;
- Борис Поломарчук – Павлодар облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Toraighyrov University оқытушысы;
- Вера Ким – «Ұлттық волонтерлік желі» қауымдастығы нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы, Павлодар қаласының тумасы;
- Лилия Стадникова – дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі;
- Николай Арсютин – орыс, славян және казак этномәдени бірлестіктері қауымдастығының мүшесі, қоғам қайраткері.
Жаңа Конституцияға сәйкес Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган.
Кеңес мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға қатысады. Сондай-ақ Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту Президенттің конституциялық өкілеттігіне жатады.