Қазақстанда 24 миллион тоннадан астам астық жиналды

Қазақстанда 24 миллион тоннадан астам астық жиналды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Биылғы өнім көлемі соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 24,3 миллион тонна астық жиналған. Соңғы 15 жылда бұдан жоғары нәтиже тек екі рет тіркелген.

Жиналған астықтың сапасы да жоғары бағаланып отыр. Алдын ала деректер бойынша, элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72 пайызы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген үлгілердің 48 пайызында дән маңызының мөлшері 28 пайыздан жоғары болған.

– Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90 пайызға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70 пайызға жетті. Астық сапасының жоғары болуы оны азық-түлік өндірісінде кеңінен пайдалануға және қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп мәлімдеді министрлік.

Елімізде астық экспорты да өсіп келеді. Соңғы екі маркетингтік жылда Қазақстан шетелге тиісінше 15,5 және 16 миллион тонна астық пен ұн шығарған. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, биыл қыркүйектен 19 қазанға дейін 1,657 миллион тонна астық экспортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоғыз пайызға көп.

Ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін мемлекет шаруаларға жеңілдетілген несие беріп, техника паркін жаңартуға және сапалы тұқым мен минералды тыңайтқыштарды пайдалануға қолдау көрсетіп келеді.

Соңғы үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге жуық өсті. Былтыр 1,8 миллион тонна тыңайтқыш пайдаланылса, биыл жоспарланған 2,3 миллион тоннаның 2,1 миллион тоннасы егістікке енгізілді. Элиталық тұқымдардың үлесі 12 пайызға жетті.

Биыл егін жинау жұмыстарына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.

– Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту нәтижесінде оның тозу деңгейі 2023 жылғы 85 пайыздан 2025 жылы 65 пайызға дейін төмендеді. Биыл техниканы жаңарту көрсеткішін сегіз пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлады ведомство.

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы шаруалар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2340 комбайн сатып алған. Бұл еліміздегі тракторлар мен астық жинайтын комбайндардың жалпы санының шамамен он пайызын құрайды.

Министрлік алдағы уақытта астық сапасын жақсарту, өнімділікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастырады.