Қазақстандық 10 жоба кітап оқуды дамытуға арналған грантқа ие болды

Қазақстандық 10 жоба кітап оқуды дамытуға арналған грантқа ие болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 172 өтінім түсіп, үздік бастамалар сарапшылардың іріктеуінен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады. Креативті индустрияларды дамыту қоры (Qazaq Creative) отандық әдебиет, кітап шығару және кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдауға арналған гранттық конкурс қорытындысын жариялады.

Іріктеу нәтижесінде 10 жоба жеңімпаз атанды. Оларды жүзеге асыруға шамамен 50 миллион теңге қарастырылған. Әр жобаға 5 миллион теңгеге дейін грант беріледі.

Грант иеленген жобалардың қатарында қазақ тіліндегі кітаптарға арналған цифрлық кітапханалар мен платформалар, балаларға арналған кітаптар мен комикстер, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі интерактивті білім беру құралдары бар.

Атап айтқанда, «Сөз-Қазына», Oqiber, «Бір беттік кітап: Қазақ ертегілері», Satti.asia, «Тәтті ертегі», Abai Library, «Tulga», Compara жобалары, қазақстандық комикстер топтамасы және «Домбыра үйренгім келеді» бастамасы қолдау тапты.

Жобалар отандық әдебиеттің қолжетімділігін арттыруға, қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейтуге, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға және заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұлттық мәдениетті насихаттауға бағытталған.