Қазақстандық көкпаршылар көкбөрі ойынына дайындалуда

Қазақстандық көкпаршылар көкбөрі ойынына дайындалуда
Фото: worldnomadgames.kz

Көкпаршылар Алматы облысында көкпар және көк бөрі ойындары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеевтың айтуынша, қазір спортшылардың дайындықтары жақсы. Басты қарсыластар Қырғызстан мен Өзбекстан.  

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында көкпар және көкбөрі ойындары өтеді. Егер біз көкпардан жеңісімізге сенімді болсақ, көкбөрі ойынынан мүмкіндіктеріміз тең дәрежеде. Біраз жылдан бері көкбөрі ойнаған жоқпыз. Десе де жеңіс үшін барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз, – деді ол.

Байрақты бәсекеге дайындық жайлы және көкпар мен көкбөрінің айырмашылықтары туралы айтып берген көкпардан ұлттық құрама мүшесі Наурызбай Қалтаев 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтады.

– Екі спорттың айырмашылығы тайм санында – көкбөріде үш тайм ойналады, ал көкпарда – екеу. Көкбөріде қазандыққа, ал көкпар жерге сызылған шеңберде ойналады, – деп атап өтті Наурызбай Қалтаев.

Көкбөрі сайысы бойынша әр командадан 12 қатысушы болады. Спортшылардың дайындығы үшін Көкпар федерациясы тәжірбиелі кеңесшілерді тартқан. Оқу-жаттығу жиындары ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Еске сала кетейік, республикалық «Көкпар» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Аударыспақ», «Бәйге», «Теңге ілу», «Садақ ату», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын Исламбек Салжанов басқарады.