Қазақстандық оқушылар Индонезияда өткен робототехника чемпионатында топ жарды

Қазақстандық оқушылар Индонезияда  өткен робототехника чемпионатында топ жарды
Фото: ҚР оқу-ағарту министрлігі

Индонезияның Депок қаласында «FIRST Tech Challenge» робототехника бойынша ашық ойындар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

 ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Индонезияның Депок қаласында халықаралық робототехника бойынша чемпионат өтті.   Ел намысын қорғауға «Antares», «124», «Заман» және «Shanyraq» командалары аттанды. 9-11 сынып оқушыларынан құрылған бұл командалардың құрамында Алматы қаласының Абай атындағы РММИ мен №124 орта мектебінің, сондай-ақ Семей қаласының Ш.Құдайбердіұлы атындағы көпсалалы мектебінің білім алушылары бар.

Қазақстандық оқушылар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген 150 жас робототехниктермен қатар бірнеше күн бойы өздерінің үздік жұмыстарын көрсетті. Нәтижесінде біздің құраманың қоржыны 7 жүлдемен толықты. Алматылық «124» командасы екі қола және алтын медалін ұтса, «Antares» командасы бір қола, күміс, алтын иеленді. Семейлік «Shanyraq» командасына қола бұйырды. 

Алматы қаласының №124 орта мектебінен қатысқан «124» командасының жаттықтырушысы Бекзат Амановтың айтуынша, қазақстандық оқушылар жақсы нәтиже көрсетті.

– Біз чемпионатқа робототехникаға жаңадан қосылған командаларымызды халықаралық командалармен тәжірибе алмасу үшін әкелдік. Соның өзінде, біз Индонезия чемпионатына әлемдік кезеңге іріктелген мықты командалар қатысатынын білгенімізде таң қалдық. Бұл командалардың робототехникада 4-5 жылдық тәжірибесі бар әрі биылғы жылы ғана жарысқа қатысқан қазақстандық оқушылар олармен бір деңгейде бақ сынасты. Біздің оқушылар финалдық ойындарға дейін өтіп, төрешілерден жоғары баға алған кезде қатты қуандық, – деді бапкер. 

Айта кетейік, Индонезияда өткен чемпионатқа жолдаманы Қазақстаннан барған оқушылар осы жылдың желтоқсан айында Оқу-ағарту министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен USTEM Foundation Қоғамдық Қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде жеңіп алған болатын.