Қызбен кездесуге келген: Ақтөбенің жігіті Павлодарда арнайы орталыққа тап болды
Оны жергілікті тәртіп сақшылары ұстаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары іздестіру барысында 10 қазан күні үйінен қашып кеткен ақтөбелік 17 жастағы жасөспірімді анықтаған. Ол үйінен 5 қазан күні шығып кеткен.
Жасөспірім әлеуметтік желілерде қызбен танысып, оған Павлодарға келген. Бұл туралы заңды өкілдерін ескертуді «ұмытып» кеткен. Жігіт сүйіктісімен кездесіп, серуендегісі келгенін айтқан.
– Қазір кәмелетке толмаған бала Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау өңірлік орталығына орналастырылды және ата-анасы келгенге дейін сол жерде болады, – дейді департаментте.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық полиция қызметкерлері жоғалған 57 азаматты іздестірген. Қабылданған шаралармен 47 адам табылып, туыстарына қайтарылды.