Қола үшін тартыс қызды: Павлодарда баскетболшы қыздар тартысты

Қола үшін тартыс қызды: Павлодарда баскетболшы қыздар тартысты
Фото: «Ertis» БК

Павлодарда әйелдер арасындағы Ұлттық лиганың қола жүлдесіне арналған серия басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ertis» пен «Барсы Атырау» алғашқы екі матчта бір-бірінен басым түсе алмады — енді жүлденің тағдыры Атырауда шешіледі.

Алғашқы ойында павлодарлық қыздар атыраулық «Барсы Атырау» командасына 90:82 есебімен жол берді. Матч өте тартысты өтті — есеп ойын бойы алма-кезек өзгеріп, жанкүйерлерді соңғы секундтарға дейін шиеленісте ұстады.

Алайда екінші кездесуде «Ertis» мінез көрсетіп, қарсыластарынан 89:73 есебімен басым түсті. Осылайша сериядағы есеп теңесті.

Екі матчтың да басты жұлдызы Дильназ Еркебай болды. Ол екі ойында жалпы 51 ұпай жинап, команда көшбасшысы атанды. Ал Кэтрина Транкале 42 ұпаймен нәтижелі ойын өрнегін көрсетті.

Енді қола медаль тағдыры 19-20 мамыр күндері Атырауда өтетін матчтарда шешіледі. Егер серия тең аяқталса, шешуші бесінші ойын 25 мамырда Павлодарда өтеді.