«Қоянды жәрмеңкесі» павлодарлықтардың сүйікті экспозициясына айналды

Көптеген жәдігерді павлодарлықтар өз еркімен музей қорына тапсырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Григорий Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ең танымал және ерекше экспозицияларының бірі – «Қоянды жәрмеңкесі». Бұл көрме қазақ халқының мәдени-экономикалық өмірінің айнасы болып табылады.
Музейдің экскурсия жетекшісі Жеңісбек Қадырұлының айтуынша, «Қоянды жәрмеңкесі» XIX ғасырдың ортасында Сарыарқаның төсінде, қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылында ашылған. Ол 82 жыл бойы үздіксіз өткізіліп, қазақ даласындағы ең ірі сауда және мәдени орталықтардың біріне айналған.
– «Қоянды жәрмеңкесін» қазіргі тілмен айтсақ, қазақ даласындағы «EXPO» деп айтуға болады. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес елдерден саудагерлер келіп, түрлі тауарлармен алмасқан. Бұл тек сауда алаңы емес, мәдениет пен өнердің ортасы болған, – дейді экскурсия жетекшісі.
Сол дәуірде атақты әншілер мен палуандар да жәрмеңке сахнасында өнер көрсеткен. Олардың қатарында жерлесіміз Майра Шамсутдинова, сондай-ақ Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Естай Беркімбайұлы сияқты қазақ мәдениетінің дара тұлғалары бар.
Музейдегі экспозицияда сол заманның тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көптеген құнды жәдігерлер қойылған: ат арбаның доңғалақтары, қамыстан тоқылған қаптар мен сандықтар, самаурындар, шойын үтіктер, ұршықтар, іс машиналары және тұрмыстық ағаш, тері, қамыс бұйымдары.
Көптеген жәдігерді павлодарлықтар өз еркімен музей қорына тапсырған. Әр зат арнайы тіркеліп, кімнен және қашан қабылданғаны жөнінде мәліметтер жазылады.
– Музейге келушілер легі толастаған емес. Кей күндері 20-40 адам келсе, кейде 80-100 адамға дейін жетеді. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, түрлі өңірлерден келген қонақтар мен шетелдік туристер де бар. Әрбір көрермен ерекше әсермен кетеді, – дейді Жеңісбек Қадырұлы.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, келушілердің жылы пікірлері мен рухани әсері – олардың ең үлкен марапаты.