Үкімет өкілі Павлодардағы ЖЭО-лардың қысқа дайындығын тексерді
Биыл екі станцияда сегіз негізгі агрегат пен бір түтін мұржасын жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының инспекторы Дастан Мейрманов Павлодардағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.
Сапар барысында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемель энергетикалық нысандардағы өндірістік процестердің тұрақтылығы және жөндеу науқанының негізгі кезеңдері туралы баяндады.
Инспектор станциялардағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерді аралап көрді.
– Биыл Павлодар ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарында төрт қазандық агрегаты мен төрт турбоагрегатты жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар ЖЭО-3-тегі №1 түтін мұржасына күрделі жөндеу жүргізіледі. Барлық жұмыстар станциялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін бекітілген кестеге сай орындалуда, – деді Олег Щемель.
Энергетиктердің мәліметінше, жөндеу жұмыстарының негізгі мақсаты – алдағы қыс мезгілінде тұрғындарды жылу және электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету.
Сапар қорытындысы бойынша Дастан Мейрманов энергетикалық кәсіпорындардағы жұмыстың ұйымдастырылуына оң баға беріп, жоспарланған барлық іс-шараны сапалы әрі мерзімінде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті.