Үстел жинамаған: Павлодарда ер адам өгей ұлын ұрған

Үстел жинамаған: Павлодарда ер адам өгей ұлын ұрған
Фото: pixabay.com/Vika_Glitter

Баланың жағдайы қанағаттанарлық, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева қала мектептерінің біріндегі 5-сынып оқушысын ұрып-соғу фактісі бойынша келесіні хабарлады: 

Жәбірленуші баланың айтуынша, 2025 жылы 4 наурыз күні анасымен бірге тұратын адам ол жұмыста болған кезде жиналмаған ыдыс-аяқ үшін «тәрбиелік» мақсатта ұрып-соққан, – дейді Сәуле Шәкенева. 

Оның сөзінше, бес жыл бірге тұрған уақытта ер адам алғаш рет осындай агрессия танытқан, дегенмен әйел адам балаларынан маңызды ешкім жоқ екенін айтып, онымен ажырасу туралы шешім қабылдаған.

– Мен барған кезде ол тұрғылықты мекенжайында болған жоқ. Әйел адам – балалар үйінің түлегі, 2009 жылдан бастап пәтерге кезекте тұр, кезегі – 116. 2013, 2016, 2022 жылдары туған кәмелетке толмаған үш баламен бірге бір бөлмелі пәтерді 70 мың теңгеге жалдап тұрады, несие төлейді,   – дейді өңірлік уәкіл.

Әйел адам жұмысқа орналасқан, жалақысы – 106 мың теңге. Алкогольді ішімдіктерді пайдаланбайды. Тұрғылықты жері және балалардың оқу орны бойынша оң мінездемеге ие. Үш бала да анасына жазылған.

6 наурыз күні ұлымен бірге қаулыға сәйкес сот-медициналық сараптамаға барады. Қазіргі уақытта бірге тұратын адамға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау ұйғарымы шығарылған, сондай-ақ ҚР ҚК 109-1-бабы (ұрып-соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Баланың жағдайы қанағаттанарлық, бірақ офтальмологтың тексеруі қажет.  

Өңірлік уәкіл жұмыспен қамту бөлімінен АӘК тағайындау туралы мәселені қарауды  өтінген.  

Облыстық полиция департаментiнде кәмелетке толмағанды ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.

– 4 наурызда өгей әкесі кәмелетке толмаған өгей баласын үстелді жинамағаны үшін ұрғаны анықталды. Бастапқыда заңды өкіл өтініштен бас тартты, – дейді департаментте. 

Сондай-ақ, өтініштен бас тартқан ананың тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады.