Ұлы Жеңіске-80 жыл: Павлодарлық ардагерлер бес миллион теңгеден алады

Ұлы Жеңіске-80 жыл: Павлодарлық ардагерлер бес миллион теңгеден алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде облыста жеті ҰОС ардагері тұрады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында соғыс ардагерлеріне бес миллион теңге төлеу жоспарлануда екенін мәлім етті. 

– Бүгінде облыста жеті ҰОС ардагері тұрады. Ең қарт ардагер Мария Курбатова 101 жаста болса, ең жасы – Николай Ступка 97 жаста, – деді Альмира Дисюпова. 

Сонымен қатар, басқарма басшысы Жеңіске қол жеткізуге үлес қосқан 3,7 мыңнан астам азаматқа мерекелік және атаулы күндерге біржолғы төлемдер қарастырылғанын атап өтті. Бұл төлемдер мәртебесіне байланысты 50 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылған. 

– Тыл еңбеккерлеріне төлем – 100 мың теңгені, Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 150 мың теңгені, концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына 200 мың теңгені құрайды, – деді спикер. 

Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, елімізде 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҰОС қатысушылары үшін зейнетақыларды ескере отырып, ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 262 334 теңгені және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін 279 330 теңгені құрады.

Сондай-ақ, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілерге көрсетілетін құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторий-курорттық емдеу ұсынылады.