Ұлттық киім күні: Павлодарда 50 мыңнан астам оқушы дәстүрді дәріптеді
Павлодар облысының барлық білім беру ұйымдарында 18 наурыз күні Ұлттық киім күні ерекше мерекелік атмосферада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл күні 50 мыңнан астам оқушы мен 500-ге жуық педагог ұлттық киім киіп, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін насихаттады. Камзол, шапан, сәукеле мен кимешек киген қатысушылар ұрпақ сабақтастығын айшықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеді.
Мерекеге үлес қосқан ұстаздардың бірі – Салтанат Әбілманова. Мұзафар Әлімбаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 20 жылдан астам уақыт бойы ұлттық киім тігіп келеді. Ол өз еңбегі арқылы оқушылардың ұлттық мәдениетке деген мақтаныш сезімін арттырып жүр. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған тактильді кітаптар жасап, олардың дамуына үлес қосуда.

Екібастұз қаласындағы «Балалар көркемсурет мектебінің» оқушылары ұлттық киімді заманауи стильде жаңғыртып, этно-костюмдердің жаңа топтамасын ұсынды. Ал №21 балабақша тәрбиеленушілеріне арнайы ұлттық киімдер тігіліп, киімдерге қаланың көрнекті орындарының ою-өрнектері бейнеленді.
Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Жанаргүл Шарапиденова оқушыларымен бірге камзол, шапан және тақия тігіп, ұлттық ою-өрнектерді зерттеу арқылы дәстүрлі өнерді насихаттап келеді. 25 жылдан астам тәжірибесі бар ұстаз құрақ көрпе тігу, тұмар жасау секілді қолөнер түрлерін де дамытып жүр.
2025-2026 оқу жылында өңірде іске қосылған «Ұлттық Style» жобасы аясында 362 мектеп пен 38 қосымша білім беру ұйымы этностильді күнделікті өмірге енгізді. Жоба бойынша әр жұма – ұлттық киім күні ретінде атап өтіліп, оқушыларды патриотизмге, шығармашылыққа және ұлттық мәдениетке баулуды көздейді.