Өнерлі отбасы – өнегелі ұрпақ: Павлодарда ерекше байқау өтті

Өнерлі отбасы – өнегелі ұрпақ: Павлодарда ерекше байқау өтті
Фото: Оқушылар сарайынан

Шығармашылық сайысқа Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан өнерлі отбасылар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

М.М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында «Адал азамат» бірыңғай республикалық тәрбие бағдарламасы аясында «Музыкалық жанұя» облыстық отбасылық ансамбльдер байқауы өтті. Шығармашылық сайысқа өңірдің үш қаласы мен аудандарынан 40-тан астам отбасы қатысты. Бір сахнаға жалпы саны 86 қатысушы жиналды.

Байқаудың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, балалар мен ата-аналардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Сахнада ата-аналар мен балалар, сондай-ақ аға буын өкілдері бірлесіп өнер көрсетіп, отбасылық дәстүрлерін музыка арқылы жеткізді. Қатысушылар вокалдық, аспаптық және вокалды-аспаптық ансамбльдер, халық шығармашылығы мен би өнері бағыттарында өнерлерін ортаға салды. Байқауға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар да қатысты.

Байқаудың бас жүлдесін Павлодар облыстық Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның Садықовтар отбасының «Асыл мұра» дуэті иеленді.

Сонымен қатар, қатысушылар дипломдармен және арнайы марапаттармен наградталды. Байқау аясында «Отбасылық ансамбльдің ерекше құрамы үшін», «Байқаудың ең жас қатысушысы», «Ең тату отбасы», «Ең ересек қатысушы» және «Отбасылық дәстүрлерді белсенді насихаттағаны үшін» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды.

«Музыкалық жанұя» байқауы өнер арқылы отбасы мүшелерін жақындастырып, ортақ құндылықтарды дәріптейтін шығармашылық алаңға айналды. Бір сахнада өнер көрсеткен отбасылар музыкаға деген сүйіспеншілігін танытып қана қоймай, өзара қолдау мен сыйластыққа негізделген дәстүрлерін де көрсетті.