Иса Байзақов атындағы филармонияға 3D-қобыз сыйға берілді
Оны жас инженер Иван Могер принтерде жасап шыққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Наурыз мерекесі қарсаңында павлодарлық өнерпаздар ерекше сыйлыққа ие болды. Жас 3D-инженері Иван Могер принтерде қылқобыз жасап, ең алдымен оны кәсіби музыканттарға таныстырды.
Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Талғат Кәрімов инженердің жұмысына оң бағасын берді.

— Аспап өте жақсы шыққан. Ол ағаштан емес, пластик материалдан жасалғанына қарамастан, сыртқы келбеті нағыз қобызға ұқсайды. Ең бастысы - дыбысы да бар. Әрине, кәсіби шеберлер жасаған дәстүрлі аспаптардағыдай толыққанды үн бермейді, дегенмен Иван үлкен еңбек еткен. Оның сауатты, талантты әрі іске шығармашылық тұрғыдан қарағаны көрініп тұр, - дейді ол.
Дирижер алғаш рет 3D-принтерде жасалған қобызды көргенін айтады. Бәлкім 15-20 жылдан кейін еліміздегі оркестрлер заманауи нанотехнологиялар негізінде жасалған аспаптарда ойнауы мүмкін екенін де тілге тиек етті.
Жұмысқа кіріспес бұрын Иван бірнеше ай бойы осы көне қазақ аспабының құрылымы, дыбыстық ерекшелігі және шығу тарихын мұқият зерттеген. Оның жасаған қобызының салмағы шамамен 1 келі, ал құрылымы 32 бөлшектен тұрады.
— Маған әсіресе Қорқыт ата туралы аңыз қатты әсер етті. Аңызда данагөй қобыз тартқанда, оған келген ажалдан киелі әуен қорғайды делінеді. Бұл – музыка мен өнердің алдында уақыт та, тіпті өлім де дәрменсіз дегенді білдіретін символ. Сондықтан бұл көне аспаптың қасиеті ерекше. Оның үні адамның жан дүниесін баурап алады. Мен оны әлемдегі ешбір аспаппен салыстыра алмаймын, – дейді 24 жасар Иван Могер.
Наурыз мерекесі қарсаңында Иван жасаған қобызын филармония әртістеріне сыйға тартты. Айта кету керек, бұған дейін ол 3D-принтерде пластикалдан домбыра жасап, өткен жылы оны Павлодар музыкалық колледжіне табыстаған.

— Бірде филармонияда өткен концертте қазақ халық аспаптарында орындалған тамаша туындыны тыңдадым. Бұл аспаптардың үні мені қатты таңғалдырды. Өзім гитарада әуесқой ретінде ойнаймын, ал маған қазақтың ұлттық аспаптарының үні мүлде басқа әсер сыйлады. Содан кейін қызығушылығым оянып, зерттей бастадым да, үйде принтер арқылы домбыра жасап көрдім, - дейді Иван.
Айтуынша, қобызды жасау үшін біраз тер төгуге тура келген. Әсіресе, оның құрылымы туралы мәліметтің аздығы жас инженерді біраз әбігерге түсірсе керек.
— Қобызды толық зерттеу үшін ертеректе жарық көрген сирек кітаптарды, көне фотосуреттерді іздедім. Өйткені қобыздың түрлері де, әр дәуірдегі пішіні де аздап өзгеріп отырған. Соның нәтижесінде кәсіби музыканттар айтқандай, аспаптың өлшемін барынша дәл келтіруге тырыстым, ол түпнұсқа қобызға өте ұқсас шықты деп ойлаймын», - дейді ол.
Бүгінде филармония музыканттары жаңа аспапқа бейресми атау да ойлап үлгерген. Олар әйгілі шебер Қамар Қасымовтың тарихын еске алып, оны «Иван-қобыз» деп атап жүр.
Иван Могердің өнер ошағына тартатын тартуы мұнымен бітпек емес. Биыл күзде өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтетін филармонияға ерекше бір жоралғысы бар. Алайда оны құпия ұстауды жөн көруде.