13 қаңтар – Рамазан Тоқтаровтың туғанына 90 жыл
Жазушы, журналист Рамазан Тоқтаров 1935 жылы 13 қаңтарда Павлодар қаласында туған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қаламгер орта мектеп бітіріп, Алматы шет тілдер институтына түскен. Институтты 1957 жылы бітіріп, француз тілінің маманы болып шыққан.
Рамазан Тоқтаров туған қаласына оралып, 1956-1962 жылдары облыстық «Қызыл ту» басылымының әдеби қызметкері болған. Осы басылымда өзінің шығармашылық жолын бастады. 1960-шы жылдан бастап 1966 жылға дейін «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде қызмет істеді. Кейін «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде журналистік қызмет атқарды.
1966-1976 жылдары «Жазушы» басылымында аға редактор, басылым меңгерушісі болған. 1985-1989 жылдары шығармашылық жұмыспен айналысқан. Ал, 1989 жылы «Жұлдыз» журналының бас редакторы орынбасары қызметін атқарды.
Рамазан Тоқтаровтың қазақ, орыс, француз тілдерін еркін білуі бірыңғай қазақ жазушысы болып қалыптасуына кедергі келтірмей, қайта өнімді еңбек етуіне ықпал етті. Әдебиетке алпысыншы жылы «Ертіс перзенті» атты әңгімелер жинағымен енген жазушы содан бері оннан астам роман, повестер жазды.
«Бақыт» (1965), «Ертіс мұхитқа құяды» (1968), «Тұлпардың сыны» (1975), «Жердің үлгісі» (1979), «Ғасыр наны» (1983), «Сусамыр» (1985), «Таңбалы жарғақтың құпиясы», «Жендет», «Полигон», «Ақбоз атты елес» деген атаулары тәрізді олардың тақырыптары да әртүрлі. 1999 жылы «Абайдың жұмбағы» роман жарыққа шықты. Осы романы үшін Р. Тоқтаровқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Рамазан Тоқтаров қалың оқырман жұртшылыққа кеңінен танымал, қазақ прозасындароман жанрын дамытуда айтарлықтай еңбек сіңірген көрнекті қазақ жазушыларының алдыңғы қатарынан өз орнын алған.
Павлодар қаласының «Баспа үйі» қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған (2002).