2025 жылы Павлодар облысында АӘК жаңа тәсілмен тағайындалады
Жәрдемге үміткер болатын отбасылар артады деп болжануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова табысы аз азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары және 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда енгізіліп жатқан өзгерістер туралы айтты.
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, отбасылық цифрлық карта деректері бойынша тоқсан сайынғы медианалық табыс мөлшеріне есептеулер жүргізді. Яғни, ең жоғары және ең төменгі деңгейден алынатын кірістің орташа мөлшері шығарылады. Әр аймақтың өзінің медианалық табыс көлемі болады, – деді Альмира Дисюпова.
Павлодар облысында үшінші тоқсанның медианалық табысы 116 мың теңгені құрап отыр. Яғни, әлеуметтік атаулы көмекке үміткер болғысы келетін адамның жан басына шаққандағы табысы медианалық табыс мөлшерінің 35 пайызынан жоғары болмауы тиіс. Бұл өзгеріс АӘК алушылар санының өсуіне әкеледі деп болжануда.
Биылғы жылдың төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша АӘК 3,4 мың отбасындағы 14,7 мың адамға тағайындалды.
– Атаулы әлеуметтік көмек төлемдері – бұл мемлекеттік қолдау. Бір тоқсанға өтініш түскеннен кейін өңделеді. Айдың 20-25-іне дейін атаулы әлеуметтік көмекке қажеттілік жасалады. Яғни, белгілі бір мерзімнен кейін, келесі айдың 10-ына дейін төлем тағайындалады, – деді Альмира Дисюпова.
Оның сөзінше, қаржылық жыл аяқталғандықтан, желтосқанның 20-сынан кейін келіп түскен өтінімдер тек ақпанда өңделіп, тағайындалады.