50-ге жуық спортшы Моңғолиядағы «Бүркіт мерекесіне» қатысты
Демалыс күндері туристік кешен «Чингисийн хурээ» алаңында «Бүркіт мерекесі-2026» 20-шы рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Монцамэге сілтеме жасап.
Мерекенің мақсаты — көшпенділердің салт-дәстүрлері мен ерекше мәдениетін насихаттау, таныстыру және оны жас ұрпаққа жеткізу.
Іс-шараға Баян-Өлгий, Тув, Сэлэнгэ аймақтарынан 30-дан астам бүркітші қатысса, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Испания, Мажарстан және Ресейден 16 спортшы барды.
«Бүркіт мерекесі-2026» жарыстар мен конкурстар түрінде өткізіледі. Қатысушылар ұлттық киім киіп, бапталған бүркіттерді қолдарына қондырады және аңшылыққа үйретілген аттарға мініп жарысады. Мереке барысында ең үздік ұлттық киімдер, аттар мен бүркітке арналған құрал-жабдықтар іріктеледі. Бағалау критерийлері — дәстүрлерді сақтау және киім үлгісінің стилі.
Мерекеде қазақ әртістері өнер көрсетті, киім мен аксессуарлар сатылымға қойылды, ұлттық тағамдар ұсынылды. Қатысушылар қазақ киіз үйіне кіріп, көшпенділердің ерекше салт-дәстүрлері мен тұрмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шараны астананың Туризм департаменті «Чингисийн хурээ» туристік кешенімен бірлесе ұйымдастырып, Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігі және Баян-Өлгий аймағының Мәдениет департаменті қолдау көрсетті.
Қыран құстарды баптау және олармен аңшылық жасау дәстүрі, соның ішінде бүркітпен аң аулау дәстүрі, Орталық Азия көшпенділері тарапынан 6000 жыл бойы сақталған. Моңғолия бұл мұраны сақтап қалған ел ретінде, 2010 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының өкілдік тізіміне ресми енгізген.
Осыған дейін Моңғолияда «Мың түйе мерекесі — 2026» фестивалі өткенін жазған болатынбыз.