Аққулы ауданының оқушысы тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионы атанды
15–17 жас аралығындағы спортшылар арасындағы зияткерлік біріншілік Атырауда өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жарысқа еліміздің барлық өңірінен келген 200-ден астам жас спортшы қатысты. Павлодар облысының намысын алты жасөспірім қорғады. Спортшылар жақсы нәтиже көрсетумен қатар, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Осылайша, Павлодар өңіріндегі тоғызқұмалақ мектебінің күшін тағы бір дәлелдеді.
«Рапид» санатында 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында бірінші орынды Азамат Халел жеңіп алды. Ол – Аққулы ауданы Қарақала ауылы Потанин орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Ол – тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Ринат Керейбаевтың шәкірті. Ринат – мектеп үйірмесінен бастап халықаралық аренаға дейінгі жолды жүріп өткен спортшы.
Қазақстен чемпионының анасы Нұркамал Елеусізова ұлын ерекше толқумен күтіп отырғанын айтты:
– Азамат тоғызқұмалаққа бес жыл бұрын қызыға бастады. Ел чемпионатына өте мұқият дайындалды, күн сайын жаттығумен айналысты. Жарыс алдында, әрине, қатты уайымдадық. Бірақ оған деген сеніміміз бен қолдауымыз ақталды. Ата-ана үшін бұл – үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Шағын ауылдың баласы мықты қарсыластарды жеңіп, бірнеше жыл ішінде әлемді аралап, ұлттық ойынды халықаралық деңгейге шығара алатынын дәлелдеді. Ұлымның бапкері Ринат Керейбаевқа алғысымызды білдіреміз, –дейді анасы.
Еске сала кетейік, Ринат Керейбаев тоғызқұмалақтың классикалық түрінен әлем чемпионы. 2025 жылы ол Сеулде өткен жарыста атағын қорғап шықты. Бүгінде ол Аққулы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шәкірт тәрбиелеп, туған ауылының Потанин мектебінде шахмат үйірмесіне жетекшілік етеді. Ринат ауылда жұмыс істеуді саналы түрде таңдады, себебі балаларға өзіне кезінде жетіспеген мүмкіндіктерді бергісі келді.
Еңбегінің нәтижесі айқын. Оның шәкірттері Азамат Халел мен Алдияр Кучук республикалық және халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетіп жүр. Азамат – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жеңімпазы, Чехия, Румыния және Моңғолиядағы турнирлердің жүлдегері. Алдияр – республикалық жарыстардың жеңімпазы және ел чемпионатының қола жүлдегері.
Айта кетейік, өткен жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында тәжірибелі бапкердің шәкірті Азамат Халел қарсыластарын жеңіп, әлем чемпионы атанды.