«Ақсуға» жарамаған павлодарлық шабуылшы Қазақстан Кубогінде үздік сұрмерген атанды
Павлодарлық «Ертіс» түлегі Арман Смайылов биылдан бастап Оралдың «Ақжайығында» ойнап жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
25 жасар форвард футболдан Қазақстан Кубогінің бастапқы кезеңінің төрт матчында 13 гол соғып үлгерген. Алғашында ол алматылық «АКАС» қақпасына төрт гол соқты. Соңғы кездесуде ол «Академия Оңтүстік» қақпасына үш гол соқты. Осылайша ол Қазақстан Кубогінің әзірше үздік сұрмергені атанды.
- Бұл нәтиже жаттықтырушылар мен ойыншылардың маңдай тері. Міндетті орындағанымыз үшін қуаныштымын. Алда чемпионат күтіп тұр. Ол қызық болатыны анық - деді шабуылшы.
Естеріңізде болса, былтыр форвард «Ақсу» сапында 19 матч өткізіп, екі гол соғып, бір ассист жасаған. Маусым аралық үзілісте клуб басшылығы Павлодар футболының түлегімен қош айтысты. Содан соң Арман Смайылов Бірінші лигада ойнайтын Оралдың «Ақжайығына» көшті.
Арман Смайылов бұған дейін де «Ақжайықта» ойнаған тәжірибесі бар. 2019 жылы ол батысқазақстандықтар үшін Бірінші лигада 19 матч өткізген.
Бірінші лигадағы чемпионат 6 сәуірде басталады. Айта кетейік, онда «Екібастұз» өнер көрсетеді.
Фото: zhaikpress.kz