Ақсу қаласында дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

Көптеген нысандарда жөндеу аяқталып, кейбірінде соңғы жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімінің орынбасары Әйгерім Еркенова Instagram парақшасында мәлімдегендей, жақында болған қатты дауылдан зардап шеккен әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралау нәтижесінде жұмыс жиналысы өткізілген. Жиын барысында қалпына келтіру жұмыстарының қарқыны мен сапасы бағаланып, мердігер ұйымдармен кездесулер өтіп, проблемалық мәселелер анықталған.
– Жұмыстар үзіліссіз жүргізілуде – қысқа мерзім толыққанды жұмылуды талап етеді. Көптеген нысандарда негізгі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, кейбірі аяқталуға жақын, – деді Әйгерім Еркенова әлеуметтік желіде.
Қалалық ауруханада ағаш конструкциялар от пен биологиялық зақымға қарсы өңделіп, шатырды жөндеу жалғасуда. Поликлиника шатыры толық қалпына келтіріліп, қасбетті әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. С. Дөнентаев атындағы Мәдениет сарайында тіреу конструкциялары бекітіліп, шатырды жөндеу аяқталуға жақын.
Евгеньевка ауылындағы «Достық» орталығы мен бірнеше балабақша, мектептерде шатыр жабындары жаңартылып, зақымданған конструкциялар қалпына келтірілуде. Құрылыс материалдары уақытылы жеткізіліп, жұмысшылар күшейтілген режимде еңбек етуде.
№10 балабақша мен №8 мектепте жөндеу жұмыстары толық аяқталған. И. Құтпанұлы атындағы спорт сарайының шатыры да толық жөнделді. Хоккей кортында, әлеуметтік қорғау бөлімінде және өзге де нысандарда жұмыстар жалғасуда.
Әйгерім Еркенованың айтуынша, басты міндет – тек зардаптарды жою емес, оны сапалы әрі мүмкіндігінше қысқа мерзімде орындау. Барлық нысандар тұрақты бақылауда.
Еске сала кетейік, 19 маусым күні Павлодар облысында секундына 43 метрге дейін жеткен дауылды жел тіркеліп, инфрақұрылымға елеулі залал келтірді. 16 адам зардап шекті, оның ішінде үш бала, Ақсуда бір адам қаза тапты. 70-тен астам нысан зақымданып, бірнеше аудан мен қалада жарық өшті. Мамандардың айтуынша, дауыл суық фронт пен ыстық ауа массасының түйісуінен пайда болған. Желдің күшеюіне найзағай, турбуленттілік және қысым градиенті себеп болды