Ақсу-2 станциясы жолаушыларды қарсы алуға дайын

Ақсу-2 станциясы жолаушыларды қарсы алуға дайын
Фото: ҚР Көлік министрлігінің телеграм каналынан

Теміржол вокзалында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іргетасы 1981 жылы қаланған Ақсу-2 станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан елдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.

– Нысанды жөндеу жұмыстары барысында вокзал ғимаратын жаңартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Шатыры мен қасбеті толық ауыстырылып, ішкі бөлмелерді әрлеу жұмыстары орындалды. Инженерлік коммуникациялар – кәріз, су, жылыту жүйелері, электр және әлсіз ток желілері жаңартылды, - дейді ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Вокзалға іргелес аумақты абаттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Вокзал маңындағы аумақты ретке келтіру бойынша қажетті жұмыстар жүргізіліп, жолаушылардың вокзалда болу жағдайын жақсартуға және қызмет көрсету жайлылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Ақсу-2 станциясының вокзалы II санатқа жатады. Станция арқылы Ақсу қаласын Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Өскемен және Маңғыстау бағыттарымен байланыстыратын сегіз жолаушылар пойызы өтеді.

Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және қала тұрғындары мен қонақтары үшін неғұрлым жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.