«Ақсу» мен «Қайрат» Павлодарда футбол маусымын ашады
Қос команда да чемпионатты сәтсіз бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ақсу» чемпионаттың алғашқы ойнында «Тобылдан» ұтылса, «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіп тұрып, өз алаңында «Атыраумен» 2:2 есебімен тең түсті.
«Қайрат» биыл да кадрлық саясатына берік. Алматылықтар толықтай өз шәкірттерімен ойнайды десек болады. Легионерлер бар, бірақ олардың саны саусақпен санарлық. Ең күштісі – Жоау Пауло. Шабуылдағы қимылдың бәрі осы бразилиялық ойыншының иығына артылған. Екінші маңызды ойыншы – Гүлжігіт Алықұлов. Шабуыл өтінде қай кездегідей Артур Шушеначев ойқастайды.
Аталған ойыншылардың күші соңғы уақытта «Қайраттың» оң нәтижеге жетуіне жеткіліксіз болып жүр. «Қайраттың» «Атырауға» қарсы қарқыны алғашқы 15-20 минутқа ғана жетті де, артынша мұнайшылар ойын тізгінін түгелдей қолға алды. Батыстықтар «Қайратты» өз жанкүйерлері алдында масқара етіп, ұтып кетуіне болар еді. Алайда мұнайшылар тең нәтижені қанағат тұтса керек.
Әрине, өз шәкірттеріне сенім білдіріп, ойнатқан жақсы ғой. «Қайраттың» онысына жанкүйер жұрт зор құрметпен қарап, Қазақстанның әр түкпірінен алматылықтардың ойнын бақылап елеңдеп отырады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, дайын жұлдыздарсыз қазіргі футболда жетістікке жету мүмкін емес.
Ол жағынан «Ақсу» алматылықтардан бір қадам болса да артық. Команданың қозғаушы күші – легионерлер. Бірақ олардың аяқалыстары әзірше көңіл көншітпейді. Соңғы матчта тасқамал қорғаушы Фэйт Обилордың өзі босаңсып, қарсыласқа допты беріп қойды. Жартылай қорғаушы Да Кошта мен шабуылшы Луис Гедеш те сенімді ақтай қоймады. Да Коштаны Сұлтан Сағынаев жақсы алмастырды. Жалпы, «Ақсу» ойыншыларына жылдамдық пен белсенділік жетіспейді.
Соңғы ойында осы Сұлтан Сағынаев, Мирас Тұрлыбек пен Дамир Марат шыққаннан соң «Ақсудың» ойыны түзеле бастады. Көпшілік сенімсіздікпен қараған Михаил Голубничий да жарады. Павлодарлық футболшының осыдан кейін өз-өзіне сенімі нығайып нөмірі 1 постта бекігенін қалаймыз.
«Ақсу» былтырғы екі ойында да «Қайратқа» ұтылған. Кубокта бір тең нәтиже тіркеліп, екіншісі кездесуде тағы алматылықтар ұтты. Биыл қалай болатынын көреміз. Матч 9 наурызда сағат 18:00-де өтеді. Кіру тегін.
Фото: «Қайрат» ФК