Ақсуда 20 мың бөтелке суррогат алкоголь өнімін тасымалдаған кәсіпкер ұсталды

Ақсуда 20 мың бөтелке суррогат алкоголь өнімін тасымалдаған кәсіпкер ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Тәркіленген заңсыз ішімдік дезинфекция мақсатында денсаулық сақтау мекемелеріне беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ағымдағы жылы наурыз айында Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті  облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетімен және кірістер департаментімен бірлесіп, Ақсу қаласының аумағында 21,3 мың бөтелке мөлшерінде контрафактілік алкоголь өнімі орналасқан тіркемесі бар жүк көлігі тоқтатылды. 

– Суррогат алкоголь өнімдерін заңсыз тасымалдаудың ұйымдастырушысы анықталды. Сертификатталмаған алкогольдің ірі партиясы Шымкенттен тасымалданғаны белгілі болды. «Jusan» және «AbsolutStandart» арақтары тәркіленді,– деді департамент басшысы Ерік Есенов. – Сот Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынын заңсыз алкоголь өнімдерін өндіруге қатысы бар деп танып, 650 АЕК, яғни 2,4 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салды. 

Сот шешіміне сәйкес барлық алкоголь өнімі денсаулық сақтау мекемелерге дезинфекциялық құрал ретінде пайдалану үшін берілетін болады.

Былтыр заңсыз алкоголь өнімдерін тарату, сақтау бойынша екі факт тіркелген болатын. Павлодар облысында Қырғызстан азаматы 22 мың бөтелкені қоймада сақтаған, ал павлодарлық тұрғын 11 мың бөтелке сатқан. Екеуі де тиісті баптарға сәйкес жазасын өтеді.