Ақсуда инфрақұрылымдағы проблемалық мәселелердің алдын алу жолдары талқыланды

Жұмыс сапары аясында, өңір басшысы жиналыс өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы Ақсу қаласында су қысымының төмендеуінен туындаған ауқымды мәселе орын алған болатын. Тұрғындар біршама қиындықтарға тап болды. Бұл жағдай су тарту нысанындағы резервтік қоректендіру көзінің болмауына байланысты орын алғаны белгілі болды.
Ағымдағы жылдың қысында резервтік қоректендіру құрылысы аяқталғанымен, оны іске қосу кезінде автоматика мен қолданыстағы жабдықтың арасында үйлесімсіздік пайда болды. Автоматиканың жұмыс істемеуі, трансформаторлардың қуат сәйкессіздігі және төменгі кернеу жабдығының ескіруі секілді бірқатар техникалық проблемалар анықталды.
– Мәселе кімнің жұмыс істейтінінде емес, жүйе өздігінен автоматты түрде жұмыс істеуі керек. Мұндай техникалық ақаулар адамның есебінен емес, жүйенің дұрыс құрылмауынан туындайды, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Қазір бұл жабдықтарға қатысты техникалық есептеулер жүргізілуде және жергілікті бюджеттен қаражат бөлу жоспарлануда.
– Сіздерге бір апта уақыт беремін. Егер нақты мерзім қойылмаса, бұл жұмыс тағы да үш айға созылуы мүмкін, – деді өңір басшысы.
Қаланың орталық қазандығы бойынша да маңызды сұрақтар көтерілді. Жылу энергиясының тапшылығы байқалып отыр. Аймақ басшысының сөзінше, бұл – қаланың кеңеюіне, әлеуметтік нысандар мен жаңа тұрғын үйлердің қосылуына кедергі келтіруде.
– Майкөбе көмірінің күлділігі өте төмен – 10–20 пайыз аралығында. Жанғыштығы жоғары, бұл қазандық жұмысына оң әсер етеді, – деді энергетика маманы.
Жылдық көмір тұтыну көлемі шамамен 250 мың тонна, ал айырмашылығы 1 тонна көмір үшін – 3 000 теңге шамасында. Бұл – бүкіл маусымға шаққанда 750 миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Осылай бұл тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, экологиялық тұрғыдан да тиімді.
Көпбалалы отбасыларға иісті газға қарсы датчиктермен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда 330 көпбалалы отбасы бар болса, соның ішінде тек 70-ке жуық отбасы ғана пеш жағады. Оларға екі апта ішінде датчиктер орнату жоспарланған.
– Айдың соңына дейін толық орнатып бітіріңіздер. Бұл – маңызды қауіпсіздік шарасы, – деді облыс басшысы.
Жергілікті билік пен сала мамандарына нақты мерзімдер мен жауапкершілік жүктелді. Ендігі міндет — жұмыстарды тиімді ұйымдастырып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.