Ақсуда жаңа мурал пайда болды

Өнер туындысы қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш әйел ретінде тарихқа енген Хиуаз Доспановаға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Хиуаз Доспанова – Батыс Қазақстан өңірінің тумасы. Ол 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы авиаполктің құрамында фашизмге қарсы күрескен. Оның есімі қайсарлық пен жанқиярлықтың символына айналды.
Бұл өнер туындысы – Хиуаз Доспанова көшесіндегі №30 үйдің қабырғасында, мектеп пен балабақшаға жақын орналасқан. Мурал батырдың есімін ұлықтап, келер ұрпаққа патриоттық рух сыйлауға бағытталған.
Аталған мурал Tugan Qala жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұл – Eurasian Resources Group компаниясының бастамасымен қолға алынған тарихи-мәдени жоба. Мақсаты – жергілікті халықтың бастамаларын қолдау, қалалық ортаны жақсарту және тарихи тұлғаларды жаңаша таныту.
Муралдың авторлары – осы үйде тұратын суретшілер Гүлдана мен Құдайберген Смағұловтар. Олардың айтуынша, бұл – тек көркем жұмыс емес, бұл болашақпен сөйлесетін образ, әр баланың жүрегіне батырлық пен отансүйгіштік дарытатын бейне.
– Туған қала – бұл тек үйлер мен көшелер емес. Бұл жадымыз, тарихымыз және оны құрметтейтін жандар, – дейді суретшілер.
Tugan Qala – тұрғындардың бастамасымен туған қаланы жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін алаң. Ал Хиуаз Доспановаға арналған мурал – сол игі істердің жарқын бір мысалы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram