Ақтау әкімінің экс-орынбасарының ісі павлодарлық сотта қаралады

Ол алаяқтық үшін мемлекетаралық іздеуде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Тимур Сәдуақасовты Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді.
Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермелегені үшін күдікке ілінген.
2023 жылғы шілде айында Ақтау әкімінің экс-орынбасары мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.
Аталған мәселені шешу үшін Тимур Сәдуақасов пен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 миллион теңге беру жөнінде келісім жасалған.
Алайда, күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 миллион теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.
Кейін ол қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған.
Ол мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі тарапынан ұсталған. Соған байланысты оған қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған.
2025 жылғы 25 ақпанда Түркістан облысындағы «Қапланбек» шекара бақылау-өткізу пунктінде ол Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалды.
Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі.
Аталған іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қарастырылады.