Ақтоғайлық шебер ағаштан ойып «Абай» композициясын жасап шығарды

Ақтоғайлық шебер ағаштан ойып «Абай» композициясын жасап шығарды
Фото: Өмірбек Займолда

Кітап қызыл ағаштан өрнектеліп жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ақтоғай ауданының тұрғыны Өмірбек Займолда – ұлттық өнердің ұмыт болмауына бар күшін салып жүрген ағаш шебері әрі ұстаз. Ол өзінің өмірін қазақтың киелі қолөнерін дамытуға, өскелең ұрпаққа үйретуге арнаған.

– 2021 жылдан бері қазақтың ұлттық бұйымдарын жаңғыртып, ұл балаларға дәстүрлі шеберлік өнерін үйретіп келемін, – дейді ол.

Өмірбек Займолданың айтуынша, еңбек жолы 2000 жылдан бастау алады. 2008 жылдан бастап колледжде ұстаздық етіп, сәндік-қолданбалы өнер мамандығы бойынша шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Оқушыларымен бірге қазақтың киіз үйін толық жасап шығару жобасын жүзеге асырды.

– Біздің алғашқы еңбегіміз – өз қолымызбен жасаған киіз үй. Ол үйде қазақтың бүкіл болмысы, салт-дәстүрі мен тарихы бар. Киіз үй – қазақтың қара шаңырағы, ұлттың символы. Сол арқылы балаларымызға ұлт рухын дарытқымыз келеді, – дейді шебер.

Ол тек ұстаз ғана емес, сонымен бірге жеке кәсіп иесі. Ұлттық киімдер тігіп, ағаштан түрлі бұйымдар жасаумен айналысқан. 

Шебердің айтуынша, қазақ халқының қолөнері – ұлттың ең биік мәдени көрінісі. Қазақтың қолөнері, дәстүрі мен тіліне жететін ұлт жоқ деп ойлайды. Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен елін қорғап жүріп, өзіне керек сайманды да қолдан жасап алған. Біз соны ұмытпай, балаларға үйретуіміз керек деп санайды.

Өмірбек Займолданың айтуынша, ең сүйікті туындыларының бірі – ағаштан ойып жасаған «Абай» композициясы. Ағаштан ойып отырып, сыртынан ұлы ойшылдың атын жазған. Оның өсиеттері әлі күнге дейін ұстазды шабыттандырады. 

Өмірбек Займолда, қазіргі таңда сегіз ұл баланы тәрбиелеп, қолөнерге баулу үстінде. Олар аптасына екі рет келіп дәріс және практикалық сабақтар арқылы ағаш жону тәсілін үйренеді.

Фото: автор