Алыс сапардағы адал жанкүйерлер теңіз жағасынан бір-ақ шықты

Павлодарлық «Ертістің» жанкүйері Наталия Рябоконь балаларымен бірге командасын қолдау үшін ең алыс сапар – Ақтауға жол тартты. Поездбен бару екі тәулік сегіз сағатқа созылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
— Өкінішке қарай, ұтылып қалдық, — дейді Наталия. — Жол ауырлау болды, бірақ аман-есен жеттік. Ойыннан ерекше әсер алмадық, құрам дұрыс емес, мүлде ойын жоқ. Бапкер қайда қарап отыр, білмеймін.
Жанкүйердің айтуынша, сапарда ең есте қалғаны – қаланың өзі мен стадиондағы атмосфера:
— Ақтаудағы ауа райы жақсы болмады, жаңбыр, лайсаң, - дейді ол. - Бірақ қала ұнады, әдемі екен. Ал жанкүйерлер тым агрессивті болды, тіпті балалар да. Тек бір адам ғана түсіністік танытты. «Каспийдің» ойыны жақсы шықты, ал біздің бапкер бәрін «шашып жібергендей» болды. Соған рақмет…
Дегенмен, сапар қуанышты сәттер де сыйлаған. Отбасы футболшы Евгений Раскатовпен кездесіп, ерекше әсер алды.
— Оны көргенімізге қатты қуандық, көңіліміз бірден көтерілді. Ойыннан кейін өзі келіп алғыс айтты, — дейді Наталия Рябоконь . — Басқа қалаларда, мысалы Алматыда, Таразда немесе Түркістанда әрқашан жылы қарым-қатынас болады. Ақтауда ондайды сезінбедік.
Жеңіліске қарамастан, отбасы болашаққа сеніммен қарайды:
— Жалпы, сапар балаларға қатты ұнады, қала да көңілден шықты. Тек ойын мен нәтиже көңіл көншітпеді. Құдай қаласа, келесі жылы да КПЛ сапарларына шығамыз, — деп түйіндеді Наталия Рябоконь.
Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының 21-ші туры аясында «Ертіс» чемпионаттың көшбасшысы «Каспиймен» ойнады. Жеңіске жеткен жағдайда павлодарлықтар алға шығатын еді, бірақ олай болмады: Ринат Алюетов 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
Команда келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. 19 қыркүйекте «Ертіс» өз алаңында «Түркістанды» қабылдайды.