Аса-таяқ, жетіген, домбыра: Павлодарда жастар музыканы қалай үйренеді?

Аса-таяқ, жетіген,  домбыра: Павлодарда жастар музыканы қалай үйренеді?

Балалар ұлы композиторлардың мұрасын зерттеумен шектелмейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1998 жылы Михаил Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайында «Жас екпін» домбыра үйірмесі ашылды. Сол кезде мұғалім Батырхан Кенжеханов балалармен жұмыс істей бастаған. Бірте-бірте алты қатысушыдан құрылған үйірме ансамбльге айналды. 2002 жылы «Жас екпін» домбырашылар тобы танымалдылыққа ие болды.

Оқушылар сарайының көркемдік тәрбие бөлімінің меңгерушісі Жанар Қалтаеваның айтуынша, бүгінде оқушылар сарайының домбыра ансамблінде 50 бала білім алуда. Олар негізгі және шағын топтарға бөлінеді, соңғы уақытта жаңадан келген домбырашылардың саны көбеюде.

Мектеп оқушылары сабақ барысында халық композиторларының шығармашылығының ерекшеліктерін танып, қазақтың көне халықтық салт-дәстүрлері мен әндерін үйренеді. Болашақ музыканттар теориялық және практикалық дайындықтан өтеді.

– Әртүрлі жастағы, әртүрлі дайындық деңгейіндегі балалар оқуға келгендіктен, мұғалімдер сараланған әдісті қолданып, жеке сабақтардың жоспарын жасайды, – дейді Жанар Қалтаева.

Мектеп оқушылары оқу бағдарламасын орындап қана қоймай, өздеріне ұнайтын әуендерді де ойнай алады. Шәкірттер айына бір рет оқушылар сарайының үлкен сахнасында өнер көрсетіп, сынақтан өтеді.

Үйірменің кейбір түлектері музыкалық жолды таңдаған: мамандандырылған колледждерді, жоғары оқу орындарын бітіріп, өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Шығармашылық ұжымдарда жетекшілік ететіндер де бар. Олардың қатарында «Жас екпін» тобының түлегі Мәди Кенжеханов та бар. Бүгінде ол  Оқушылар сарайында балаларға домбыра тартудың қыр-сырын үйретеді. 

– Балалардың бәрі тамаша, ынталарын салып, барынша тырысады. Кез келген орындаушыны  жетістікке жетуі орындау техникасын жақсы меңгере білуі немесе музыкалық шеберлігіне ғана байланысты емес, табиғи талантты болуы маңызды. Ал бұл табиғи талант, қуат адамдардың бірінде бар, бірінде жоқ, – дейді Мәди Кенжеханов. 

Домбыра үйірмесінің тағы екі түлегі өз мамандығын музыкамен байланыстырған. Ілияс Қуандықов Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің музыка факультетінде, ал Айшегүл Тоқтабатырова дарынды балаларға арналған музыкалық колледж-интернатының қазақ халық аспаптары бөлімінде оқиды.

«Жас екпін» тобы облыстық, республикалық, халықаралық фестивальдер мен байқауларға қатысады. Астанада өткен «Astana Vision Contest» байқауында Гран-при және «Дала Әуені» балалар мен жасөспірімдердің халықаралық шығармашылық байқауында бірінші орын иеленді. 

«Жас екпін» тобының репертуарында Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын» күйлері, халық музыкасы, қазақ, орыс, түрік композиторларының шығармалары да бар.

Ансамбль, дуэт, трио, солистер де бар. Балалар тек домбырада ойнаумен шектелмейді, олар қазақтың басқа музыкалық аспаптары: асатаяқ, тай-тұяқ, жетіген, шертерде ойнауды үйренуде.