Асайын Байханов: Құрылыс – өңір дамуының басты драйвері

Асайын Байханов: Құрылыс – өңір дамуының басты драйвері
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Биыл өңірде 582 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ басшысы Асайын Байханов құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жобаларын іске асыру мәселелері бойынша жиналыс өткізді.

Өңір басшысы құрылыс саласы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйвері болып табылатынын атап өтті. Облыста тұрғын үй құрылысының жол картасы бекітілді. 2026 жылы 582 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр (2025 жыл деңгейіне 100,6%). 1 наурыздағы жағдай бойынша 28,7 мың шаршы метр пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 102,4% құрайды.

Биыл жалпы ауданы 49 мың шаршы метр болатын, 573 пәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Олар Павлодарда 2 үй, Екібастұзда 4 үй, Ақсуда 1 үй. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 217 пәтер сатып алу көзделген, сондай-ақ облигациялық қаражат есебінен қосымша 585 пәтер сатып алу үшін қаржы бөлуге өтінім берілді.

2026 жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 558,6 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10% жоғары. Алғашқы екі айдың қорытындысы бойынша орындалған жұмыстардың көлемі 15,9 млрд теңгеге жетті.

Денсаулық сақтау саласында Луганск ауылында дәрігерлік амбулатория, Қоңырөзек ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Саты ауылында медициналық пункт салу жоспарланған. Сондай-ақ облыс орталығында облыстық оңалту орталығының ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Екібастұз қаласының Ә.Марғұлан ауылында медициналық пункт құрылысы аяқталды.

«Усольский» шағын ауданында 1200 орындық мектеп, Баянауыл ауылында 140 орындық балабақша, Майқайың кентінде 500 орындық өнер мектебінің құрылысы және Екібастұзда инклюзивті балабақшаны қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Екібастұз қаласының ауылдық аймағына жататын Атығай ауылында 120 орындық және Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында 100 орындық екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын.

Спорттық инфрақұрылым да белсенді дамуда. 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Ертіс ауылында бассейннің, Павлодарда мұз сарайының, «Достық» шағын ауданында 5000 орындық бассейні бар көпфункционалды спорт кешенінің және Екібастұзда мұз аренасы бар кешеннің құрылысы жалғасуда.

Мәдениет саласында Мичурин ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталуда, сондай-ақ Баянауыл ауылындағы визит-орталық бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, 2026 жылы Павлодар қаласының «Достық» шағын ауданында 1500 орындық екі концерт залы бар конгресс-холл салу жоспарлануда.

Жиналыс барысында өңір басшысы қала және аудан әкімдерінің есептерін тыңдап, жобаларды іске асыру мерзімдері, конкурстық рәсімдер және өзге де мәселелерді талқылады.

Жиын соңында Асайын Байханов барлық құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауда ұстау, 2026 жылға жоспарланған жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарын 20 тамызға дейін аяқтау, мердігер ұйымдар тарапынан міндеттемелер бұзылған жағдайда қатаң шаралар қабылдауды міндеттеді.