Асайын Байханов ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтады

Асайын Байханов ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтады
Фото: pixabay.com/ \ jennycepeda

Облыста «Салауатты ұлт» жобасы қарқынды түрде іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Асайын Байханов дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін, денсаулық сақтау ардагерлерін Медицина қызметкерлері күнімен құттықтады. Әрі мамандардың жоғары кәсібилік, адалдық және адамдарға деген қамқорлықтары үшін алғысын білдірді.

–  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша медицинаны жаңғыртуға бағытталған «Салауатты ұлт» жобасы іске асырылуда, – деп атап өтті облыс әкімі.

Өңірде 2024 жылы 25 жаңа нысан салынды, тағы  бес нысан жыл соңына дейін ашылады. 339 бірлік жабдықты жаңартуға және сегіз мекемені жөндеуге шамамен 7,5 миллиард теңге бөлінді. Ал, жоспарлы түрде санитарлық көліктер жаңарту барысында биыл 37 көлік сатып алынады. Облыста медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, дәрігерлердің жұмысы мен ем алушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда.

Айта кетейік, облыстың денсаулық сақтау саласында сегіз мыңнан астам маман еңбек етуде.