Павлодар облысының үш ауданында сайлау учаскелері жабылды
Жалпы 16 мыңнан астам сайлаушы өз дауыстарын беріп үлгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
5 қарашада Шарбақты, Ақтоғай, Железин аудандарының белсенді азаматтары таңғы сағат жетіде оянды. Олар үш аудандағы 87 сайлау учаскесіне барып, ауылдардың болашағын, қамын ойлайтын әкім үшін дауыс берді.
Аудандағы сайлау учаскелерінде таңнан кешкіге дейін патриоттық рухы бар азаматтар келіп, таңдау жасады. Олардың қатарында алғаш рет сайлауға қатысып жатқан жастар мен жасы тоқсанға таяған қариялар да болды. Бүкіл отбасымен келген тұрғындар да қалыс қалмады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бүкіл қолайлы жағдайлар жасалып, арнайы бұрыштар жабдықталды.
Шарбақты, Железин, Ақтоғай аудандарының аумақтық сайлау комиссиясының 17:30-ға берген мәлеметтерге сүйенсек сайлаушылардың көбісі Шарбақты ауданында дауыстарын берді. Ақтоғай ауданында 46,2%, яғни 3918 тұрғын таңдауын жасады. Железин ауданында бұл көрсеткіш 45,4%-ды құрады. Ауданда 4746 азамат өз дауыстарын берді. Шарбақты ауданында тұрғындардың жартысынан астамы бюллетенді толтырып, таңдау жасады. Атап айтқанда, сайлаушылардың 61,4% -ы, яғни 7971 адамы дауысын берді.
Үш аудандағы сайлаушылардың жалпы саны – 32 мың адамнан астам. Сайлауды өткізуге 91 сайлау комиссиясы, оның ішінде, жалпы саны 479 адамнан тұратын төрт аумақтық, 87 учаскелік комиссия тартылды. Шарбақты, Железин, Ақтоғай аудандарында сайлау өткізу үшін мемлекет тарапынан 120 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген еді.
Еске сала кетейік, Президенттің тапсырмасы бойынша алғаш рет пилоттық режимде облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдерінің сайлауы өткізілді. Қазақстан азаматтары 3 облыстық маңызы бар қала мен 42 аудан әкімінің сайлауына қатысты.