Асайын Байханов ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекемен құттықтады

Асайын Байханов ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекемен құттықтады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол жерлестердің еңбегі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының әкімі жеке парақшасында тұрғындарды ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің мерекесімен құттықтады.

– Сіздер – ерекше жігер мен төзімділіктің иесісіздер. Еңбектеріңіздің иісі – дәнді егіннің, құнарлы даланың иісі. Адал еңбектеріңіз - ел мен өңірдің өркендеуіне қуатты серпін беруде, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Оның сөзінше, шаруалардың кәсіби шеберліктері арқасында облыс агроөнеркәсіп кешені табысты жүзеге асырылуда. Биыл өңіріміз АӨК саласына инвестиция тарту бойынша көш басында: тартылған қаражат көлемі – 159 миллиард теңге, бұл республика бойынша саланың жалпы инвестициясының бестен бір бөлігін құрайды. Сондай-ақ жалпы құны 37 млрд теңгені құрайтын 23 экспорттық жоба қолға алынып, сәтті іске асырылуда.

– Ертіс-Баян өңірінің әрбір жетістігі – жаңа егіс алқаптары мен мол астықтан бастап, заманауи фермалар мен қайта түлеген өндірістерге дейін – сіздердің туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз бен адал еңбектеріңіздің жемісі. Сіздерге бас иіп, шынайы алғысымды білдіремін! Еңбектеріңізге табыс, толағай жетістіктер молынан болғай! – деп құттықтады аймақ басшысы.

Облыс әкімі қызметкерлердің отбасыларына амандық, ырыс-дәулет, жылулық пен бақ-береке тілейді.