Асайын Байханов Азия чемпионатының жеңімпаз гимнастарын марапаттады

Асайын Байханов Азия чемпионатының жеңімпаз гимнастарын марапаттады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әкім спортшылар мен олардың жаттықтырушысына алғысын білдіріп, алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Оңтүстік Кореяның Чхечхон қаласында өткен спорттық гимнастикадан Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесу өткізді.

– Чемпионатқа құрлықтың 24 елінен ең мықты спортшылар, соның ішінде Олимпиада чемпиондары, Азия ойындары мен әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері қатысты. Қазақстан құрамасы халықаралық аренада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте Жапония мен Оңтүстік Кореядан кейін үшінші орынға тұрақтады. Біздің гимнастар жеті медаль (үш алтын, екі күміс және екі қола) жеңіп алды, – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұлттық құраманың табысына павлодарлық спортшылар Нұртан Ыдырысов, Роман Хегай, Артем Ковалёв және Роман Маменов те өз үлестерін қосты.

– Жекелей сында 17 жасар Нұртан Ыдырысов толық медаль жиынтығын еншіледі: қос сырықтағы жаттығуда алтын, ат снарядында күміс және командалық көпсайыста қола. Финалда ол Оңтүстік Кореяның күміс жүлдегері Еджун Чанды қоса алғанда, ең мықты қарсыластарын сенімді түрде басып озды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Роман Хегай да жекелей жарыста алтын медаль иегері атанып, жоғары шеберлік көрсетті. Ал Артем Ковалёв пен Роман Маменов негізгі құрамда өнер көрсетіп, командалық сайыста қола жүлдеге қол жеткізді.

Облыс әкімі спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңісінің өңір мен ел үшін маңыздылығын атап өтті.

– Сіздер Павлодар облысының және еліміздің мақтанышысыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз жастарды шабыттандырып, қазақстандық спортшылардың беделді ареналарда жеңіске жете алатындығының айқын көрінісі. Азия чемпионаты 2026 жылғы Азия ойындары мен 2028 жылғы Олимпиада ойындарының алдындағы маңызды кезең. Өңірдің барлық тұрғындары атынан спортты дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды айтамын және мықты денсаулық, күш-қуат және жаңа жеңістер тілеймін, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Өңір басшысы павлодарлық спортшылардың жоғары нәтижеге жетуіне зор үлес қосқан жаттықтырушы Виктор Порошинге де ризашылығын білдірді. Кездесу соңында спортшылар мен бапкеріне алғыс хаттар және ақшалай сертификаттар табысталды.

Фотосуреттерді түсірген Валерий Бугаев