Асайын Байханов Екібастұзда жаңа автобустардың көшелерге қашан шығатынын айтты
Қоғамдық көліктің қозғалыс аралығы 15 минутқа дейін қысқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұзға үлкен санаттағы 20 автобусқа қосымша тағы жаңа 23 көлік жеткізілді. Кеншілер қаласының қоғамдық көліктерінің жылжымалы құрамы 100%-ға жаңарды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өзінің Instagram парақшасында жариялады.
– Бұл автобустар желіге 12-ші сәуірге қарай шығады. Олар тек қолданыстағы сегіз бағыттағы көліктердің санын көбейтіп қана қоймай, қозғалыс аралығын қазіргі 30-20 минуттан 15-12 минутқа дейін қысқартуға, сондай-ақ, бұрын қоғамдық көлік қатынамаған 207-208 кварталдарға жаңа бағыт іске қосуға мүмкіндік береді,– деді аймақ басшысы.
Осындай бағыттағы жұмыстар Павлодарда да жүргізілуде. Облыс орталығының көшелеріне жаңа 110 автобус жіберілді.
– Мұның барлығы қоғамдық көлік жүйесін реформалаудың, электрондық билеттеуді, сараланған тарифті енгізудің және әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялаудың нәтижесінде іске асты,– деп атап өтті Асайын Байханов.
Оның сөзінше, Павлодарда сәуірде №115, №126 бағыттар үшін орта санаттағы тағы 30 көлік және №1, №1Э бағыттар үшін үлкен санаттағы 20 автобус келеді. Ал, маусым айында №3 және №003 бағыттарға жаңа 12 көлік шығады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram