Асайын Байханов: Халықты жұмыспен қамтамасыз ету әкімдердің басты міндеттері
Бірінші тоқсандағы өңірлік жұмыспен қамту картасын орындау қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы аппараттық жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыс бойынша белгіленген жоспардан 7,4 мың жаңа жұмыс орны құрылды немесе 27,7%. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға артық,– деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, биыл 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша жоспарлы көрсеткіш 7436 жұмыс орнын құрайды. Сондай-ақ, барлық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында міндетті жарналардың үлесі республика бойынша 20 пайыз, ал облыстағы көрсеткіш 7,8 пайызды ғана құрап отыр. Бұл ретте Асайын Байханов жобаларға жұмысқа орналасқандардың барлығында толық көлемде электрондық – еңбек шарттары және міндетті зейнетақы төлемдері жоқ екеніне назар аударды.
– Он мың тұрғынға жүз жұмыс орнын құру бойынша 10 ауданда төмен көрсеткіштер тіркелді. Егер жұмыс орындармен қамтамасыз етпесеңіздер, бұл бағытта жұмыс керекті деңгейде атқарылмаса, ауылдарда тұрғындар қалай қалады?– деді Асайын Байханов аудан әкімдеріне. – Халықты жұмыспен қамтамасыз ету әкімдердің басты міндеттері. Бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Жаңа жұмыс орнын құру – әр мемлекеттік жергілікті мекемелердің міндеттері.
Айта кету керек, бүгінде өңірде 1414 жұмыс орны құрылды. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу көрсеткішін орындалу көрсеткіші жылдық жоспардың 56% -ын құрайды. Яғни, жоспар жартылай орындалды.
Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне 10 мың тұрғынға жоспарлы көрсеткішінің кемінде 45 пайызын орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.