Асайын Байханов қала әкімінің негізгі қызметінің басым бағыттарын атады
Аймақ басшысы бүгін Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалған Хасар Хабылбековке сәттілік тіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
- Павлодарды одан әрі дамыту, абаттандыру, қала тұрғындарының өмірін жақсарту - жұмыстардың басым бағыттары болуы тиіс. Ең алдымен, жылу беру маусымының басталуын және оның штаттық режимде өтуін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, қала әкімдігінің жұмысында халықтың өтініштеріне белсенді және уақтылы жауап беру, мемлекеттік сатып алуды тиімді жоспарлау және мердігерлердің жұмысын қатаң бақылау қажет, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласының әкімі болып Хасар Хабылбеков тағайындалды. Оның кандидатурасы ҚР Президенті Әкімшілігімен келісіліп, қалалық мәслихат депутаттарымен мақұлданды. Өңір басшысы Асайын Байханов облыс орталығы әкімінің жұмысының басым бағыттарын айқындап, қызметіне табыс тіледі.
Суреттерді түсірген Ольга Бугаева, Есенжол Исабек