Асайын Байханов Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

Асайын Байханов Жапонияның Төтенше және өкілетті елшісімен кездесті
Фото: Валерий Бугаев

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық және инвестициялар мәселелерін талқылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы еліміздің барлық электр энергиясының 42%, алюминийдің 100%, көмірдің 60%, ферроқорытпаның 56% және жанар-жағармайдың 32% өндірілетін Павлодар облысының ресурстары, жоғары экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады. Өңірде аграрлық секторды дамыту үшін де үлкен әлеует бар.

Павлодар өңірі Жапонияға ферроқорытпаларды жеткізуші болып табылады. Ақсу ферроқорытпа зауыты жыл сайын Жапонияға 265,4 мың тонна феррохром, ферросиликомарганец, ферросиликохром экспорттайды.

Өткен жылы павлодарлық кәсіпорындардың экспорты 435 миллион долларды құрады, жапон өнімдерінің импорты 20 миллион доллардан асты. Бұл динамика биыл да сақталып отыр, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қолайлы инвестициялық ахуал жасалған «Павлодар» АЭА аумағында өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялар әріптестігін дамыту перспективасын атап өтті.

Асайын Байханов Павлодар Ертіс өңірінде жобаларын іске асыруға мүдделі жапон компанияларына облыс әкімдігінің жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті. Өз кезегінде Джун Ямада жапон тарапының ынтымақтастыққа мүдделі екендігін және серіктестік одан әрі белсенді дами түсетінін жеткізді.