Павлодарда алаяқтарға алданған іскер әйелдің ақшасы қайтарылды
Оған тәртіп сақшылары көмекке келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлеріне қала тұрғыны Сәуле Манаповадан алғыс сөздерімен кезекті хабарлама түскен.
– Жедел уәкіл Сұлтан Сапаровқа және криминалдық полицияның барлық қызметкерлеріне жедел жұмысы мен көмегі үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Мен іскер әйелмін, интернеттегі алаяқтардың қолына түстім. Жігіттер үлкен жұмыс атқарып, маған ақшамды қайтарды. Басшы Талғат Нұрсұлтанұлы мен тергеуші Алмазға кәсібилігі үшін алғыс білдіремін, – дейді хаттың авторы.
Тәртіп сақшылары барлық өтініштерге жедел ден қою, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сеніп тапсырылған аумақта құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметтегі басты міндеттердің бірі екенін айтады.
Полиция департаменті азаматтарға мұндай жағдайларға тап болмау үшін жеке кабинеттерінің, банк карталарының деректерін хабарлауға болмайтынын ескертеді. Банк қызметкерлері ешқашан келесідей құпия ақпаратты сұрамайды: PIN коды, CVV коды, SMS және жеке кабинеттердегі құпия сөздер.