Асайын Байханов екібастұздық балалардың өтінішін орындады
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин облыс әкімінің атынан балаларға сыйлықты табыстау үшін арнайы барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 26 желтоқсанда Екібастұз қаласына жұмыс сапары барысында ер балаларға арналған көпсалалы лицейге барып, жатақханаға жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысқан болатын. Сондай-ақ, ол аралау кезінде балалардың бос уақытын өткізуге арналған кабинетті қарап шықты.
Оқушылар аймақ басшысына шахмат пен үстел ойындарын, кітап оқуды, сондай-ақ ойын қондырғысымен ойнауды ұнататындарын айтты. Облыс әкімі балаларға бос уақытты жан-жақты өткізу үшін жаңа ойын консолін сыйлауға уәде берді.
– Өскелең ұрпақпен киберспорт және жастар арасында бұл спорт түріне қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны туралы әңгімелестік. Мектептер арасында киберспорттан алғашқы ірі қалалық турнирді өткізуге келістік, – деп жазды Аян Бейсекин Іnstagram парақшасында.
Ол үшін білім беру бөлімімен бірлесіп, іріктеу кезеңінің кестесі құрылатын болады.