Асайын Байхановтың жеке қабылдауына тұрғындар қандай сауалдармен келді?

Асайын Байхановтың жеке қабылдауына тұрғындар қандай сауалдармен келді?
Фото: облыс әкімінің баспасөз қызметі

Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аймақ басшысы Асайын Байханов кезекті жеке қабылдау өткізді. Оның барысында аймақ тұрғындары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Олардың қатарында – Семей ядролық полигоны салдарынан зардап шеккен 63 пен 80 жас аралығындағы азаматтарға қосымша өңірлік жеңілдіктер беру мүмкіндігін қарастыру мәселесі болды.

Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, азаматтық қоғамды дамыту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласына, азаматтарды бейімдеу мен оңалтуға қатысты өтініштер талқыланды.

Асайын Байханов мұндай кездесулер уақытылы жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қабылдау қорытындысы бойынша әрбір өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді.

Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына e-gov порталы, E-otinish.kz платформасы немесе әкімдіктің +7 702 166 16 61 WhatsApp желісі арқылы жазылуға болады.