Астана – Павлодар жолының бірнеше учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Астана – Павлодар жолының бірнеше учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар жүргізушілерден жөндеу жүріп жатқан учаскелерде белгіленген жылдамдықты сақтап, уақытша жол белгілерінің талаптарын орындауды сұрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚазАвтоЖолдың мәлімдеуінше, Ақмола облысы аумағындағы республикалық маңызы бар KAZ04 «Астана – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» автомобиль жолының жекелеген учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолдың 16-160-шақырымдары аралығындағы жөнделетін учаскелердің жалпы ұзындығы – 25 шақырым.

Жөндеу барысында цементбетон және асфальтбетон жамылғылары қалпына келтіріліп, бүлінген жол плиталары ауыстырылады, шөккен, жарылған және мүжілген тұстары жөнделеді. Сондай-ақ деформациялық жіктерді жөндеу, су бұру науаларын салу және қар тоқтататын қоршаулар орнату қарастырылған.

— Қазіргі уақытта 16, 17, 25, 35 және 49-51-шақырымдарда цементбетон плиталары ауыстырылып жатыр. 36, 62 және 100-шақырымдарда қар тоқтататын қоршаулар орнатылуда. Ал 49-51-шақырымдар аралығында монолитті су бұру науаларын салу жұмыстары жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда жол жамылғысындағы жарықтарды жөндеу аяқталды. Су бұру науаларын салу үшін 2 шақырымда жиектастар алынып, тағы 2,5 шақырымда қар тоқтататын қоршаулардың тіректері орнатылды. Цементбетон плиталарын ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жөндеу жұмыстарына 50 маман мен 15 арнайы жол техникасы жұмылдырылған. Жұмыс күндізгі және түнгі ауысымда жүргізілуде.