Павлодар облысында биыл жол жоспары қандай?

Павлодар облысында биыл жол жоспары қандай?
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде 2026 жылға арналған жол жөндеу және құрылыс жұмыстарының жоспары жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық филиалы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ директоры Ермұрат Нұрхановтың айтуынша, өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1663 шақырымды құрайды. Оның 82 пайызы жақсы жағдайда болса, 15 пайызы қанағаттанарлық деңгейде.

– Биыл орташа жөндеу жұмыстары 105 шақырым жолды қамтиды. Оның ішінде «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ботақара» бағытындағы шамамен 67 шақырым, яғни Майқайың кентінен Баянауыл курорттық аймағына дейінгі аралық жөнделеді. Сонымен қатар Атамекен кентінен Ақсу қаласына дейінгі жол толықтай жаңартылады, – деді Ермұрат Нұрханов.

Сондай-ақ ұзындығы 24 шақырым болатын «Астана – Ерейментау – Шідерті» автожолының проблемалық учаскесі де ретке келтіріледі. Шідерті кентінен кейінгі бөлікте жол жабыны ауыстырылып, анықталған кемшіліктер жойылады.

– Күрделі жөндеу аясында Ленин ауылы маңындағы «Атамекен – Ертіс – Русская Поляна» жолының 24 шақырымы қамтылады. Жоба Ресей аумағын айналып өтетін бағытқа жатады. Биыл алты шақырым жаңа жол салынып, қалған 18 шақырымында кіреберіс бөліктер жөнделеді. Нысанды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған, – дейді филиал директоры. 

Өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Ертіс өзені арқылы өтетін көпір құрылысы. Қазіргі таңда жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.

Жалпы ұзындығы 691 метр болатын көпірдің 252 метрі салынды. Қыс мезгілінде ауа райына байланысты бетон құю жұмыстары баяу жүрді. Қазір қолайлы жағдайларға байланысты қарқын арттырылуда.

– Қыста айына 32-40 метрге дейін жұмыс атқарылды, ал алдағы уақытта бұл көлем ұлғаяды. Құрылыс басталғалы бері 30 мың текше метрден астам бетон мен шамамен 8000 тонна арматура пайдаланылды. Қазіргі уақытта нысанда 288 адам мен 86 техника жұмыс істеп жатыр, – деді спикер.

Аталған жобалардың барлығы биыл толық қаржыландырылған.

Сонымен бірге қосымша жобалар да қарастырылуда. «Павлодар – Успенка» бағытында, Ресей шекарасына қарай шамамен 60 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Құжаттама дайын, сараптамадан өткен, қазір қаржыландыру мәселесі шешілуде.

2016 жылы пайдалануға берілген «Нұрлы жол» көпірінде де жол жабынын жаңарту көзделген. Жоба сараптамада қаралуда, оң шешім қабылданған жағдайда жұмыстар басталады.

Бұдан бөлек, «Павлодар – Астана» автобанының жекелеген учаскелерінде ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құжаттама әзірлену үстінде, сәуір айында сараптамадан өткізу көзделген.