Астанада Павлодар облысының креативті индустрия көрмесі өтіп жатыр
Екі күнге жоспарланған шарада Ертіс өңірінің үздік шеберлері ұлттық нақыштағы туындыларын ұсынуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елордада «Креативті аймақ» жобасы аясында Павлодар облысының креативті индустрия көрмесі салтанатты түрде ашылды. Шығармашылық алаңда аймақтың үздік қолөнершілері, дизайнерлері, суретшілері мен креаторлары бас қосып, өз өнімдерін көпшілік назарына паш етті.
Көрмеде ұлттық нақыштағы өңірлік брендтер, зергерлік бұйымдар, ағаштан, теріден, сүйек пен металдан жасалған авторлық туындылар, ұлттық музыкалық аспаптар, қыш және керамика бұйымдары, этностильдегі киімдер мен қылқалам шеберлерінің еңбектері қойылған.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың айтуынша, көрмеге өңірдің ең үздік шығармашылық өнімдері әкелінген.
– «Креативті аймақ» көрмесінде еліміздің барлық өңірлері өздерінің шығармашылық әлеуетін таныстырып жатыр. Павлодар облысы да бұл кеңістіктен лайықты орын алды. Біз үшін әр өнімнің тарихи және мәдени мазмұнын көрсету маңызды. Мысалы, домбыра жасау үдерісі көрсетілсе, оның жасалу жолы ғана емес, шығу тарихы мен ұлттық мәдениеттегі орны да таныстырылады. Сонымен қатар, сән индустриясы, анимация, бейнероликтер және заманауи цифрлық контент те ұсынылған. Мұндай алаңдар елорда тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырады деп сенемін. Алдағы уақытта Астанада өңірлердің креативті өнімдері тұрақты түрде таныстырылатын үлкен креативті орталық ашу жоспарланып отыр, – деді Айгүл Мәлікова.

Көрмені ұйымдастырушы, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының жетекшісі Замира Солтанованың айтуынша, көрмемен қатар мазмұнды мәдени бағдарлама да әзірленді.

–Кешкі уақытта Ертіс өңірінің тумасы, әнші Қобыланды Болаттың концерті өтеді. Осындай кездесулер шығармашыл жастардың өзге өңірлердегі әріптестерімен танысып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді, – деді ол.

Көрмеге қатысушылардың бірі – «Шабыт» қыш шеберханасының жетекшісі Ақбаян Байтубаева. Мамандығы психолог болғанымен, кейін қыш өнерін меңгеріп, жеке студиясын ашқан.
– Ерекше бала тәрбиелеп отырған ана ретінде сазбен жұмыс істеудің пайдасын өз тәжірибемнен білдім. Қышпен жұмыс баланың ұсақ моторикасын, сенсорлық қабылдауын, қарым-қатынас жасау және сөйлеу қабілетін дамытуға көмектеседі. Осы тәжірибе маған шабыт беріп, қыш өнерімен айналысуға жетеледі. Бүгінде көрмеге қыш ыдыстар, вазалар мен сәндік бұйымдарды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар, саз терапиясы мен шеберлік сабақтарын өткіземіз, – дейді шебер.

Шебердің айтуынша, қыш бұйымын жасау көп еңбекті талап етеді. Әсіресе глазурьмен қаптау технологиясы қолданылса, бір бұйымды толық аяқтауға екі аптаға дейін уақыт кетуі мүмкін.

Ал павлодарлық зергер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ольга Ловина көрмеге «Отты желі» («Огненная линия») атты авторлық топтамасын алып келген. Шебер металды көркем өңдеу бағытымен айналысады.
– Бұл көрмеде өзімді креатор ретінде таныстырып отырмын. Қызым Янамен бірге жасаған «Сұңқар салу» топтамасы қазақ даласының еркіндігі мен кеңдігін бейнелейді. Жұмыстарымызда мыс, күміс, мельхиор секілді металдармен қатар агат, малахит, лазурит, көгілдір ақық сияқты табиғи тастар қолданылады. Әр зергерлік бұйым – шабытым мен шеберханада өткізген еңбегімнің жемісі, – дейді зергер.
Көрме павлодарлық шеберлерге өз өнімдерін кеңінен таныстырып қана қоймай, кәсіпкерлермен, дизайнерлермен және суретшілермен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп отыр.

Ал ертең көрме алаңында Олжас Сүлейменовтің «Я знаю» кітабының тұсаукесері өтеді деп жоспарланған. Кешкі уақытта әдеби қауым поэзия кешінде жүздеспек.