Атамекен кентінде жолдар жөнделіп, жаңа ойын алаңдары салынуда
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Атамекен кентінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы 2026 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырды.
Кездесу барысында елді мекендегі жол инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру жұмыстарының барысына ерекше назар аударылды. Қала әкімінің айтуынша, жолдарды жазғы күтіп-ұстау аясында 20 аялдама павильонына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жалпы аумағы 1 295 шаршы метр болатын жолдардың шұңқырлары қалпына келтірілді. Сондай-ақ жол белгілерін жөндеу және жаңаларын орнату, жасанды жол кедергілерін орналастыру, жаяу жүргіншілер өткелдеріне жол таңбаларын салу жұмыстары атқарылды.
Биыл Болашақ көшесіндегі кентішілік жолға орташа жөндеу аяқталып, Мақажанов көшесіндегі тротуар қалпына келтірілді. Сонымен қатар, Алтынсарин және Молдағұлова көшелерін орташа жөндеу жобалары мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Ал Байтұрсынов пен Панфилов көшелеріне қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта 18 балалар ойын алаңы жөнделді. Абылай хан көшесінде жаңа ойын алаңының негізі дайындалса, Ғарышкер көшесінде заманауи ойын алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу соңында Хасар Хабылбеков Атамекен кентінде жолдарды жаңарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.